Қоғам • Бүгін, 16:30

Алматыда шетелдік туристер көбіне қай жерлерге барады?

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында шетелдік туристер ең жиі барған нысандар анықталды. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл кезеңде туристер арасында ең жоғары сұранысқа ие орын – Shymbulak тау-шаңғы курорты. Оның үлесіне шетелдік туристер сапарының 30,62 пайызы тиесілі, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда шетелдік туристер көбіне қай жерлерге барады?

Фото: kursiv.media

Mastercard деректері бойынша, ең көп баратын локациялар қатарында:

  • Үлкен Алматы көлі – 7,84%

  • Медеу – 6,24%

  • MEGA сауда-ойын-сауық орталығы – 5,52%

  • Арбат – 4,64%

  • Шарын шатқалы – 4,35%

  • Орталық мәдениет және демалыс паркі – 4,35%

  • Көлсай көлі – 3,92% бар.

Мәдени-тарихи және рухани нысандар ішінде Көк-Төбе алда тұр. Бұл орынға келушілер үлесі 12,8 пайызды құрады. Одан кейін:

  • Вознесенск соборы – 12%

  • Орталық мемлекеттік музей – 7,2%

  • Көк базар – 6,4%

  • Тұңғыш Президент саябағы – 4%

  • Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі – 4%

  • Алматы орталық мешіті – 3,2%.

Қалалық туризм басқармасының хабарлауынша, Алматы таулары шетелдік туристер үшін негізгі қызығушылық нысаны болып қала береді. Shymbulak пен «Ой-Қарағай» курорттарын аспалы жолдар мен жаяу бағыттар арқылы байланыстыру туристік ағынды тиімді бөліп, демалыс үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл Алматының халықаралық туристік тартымдылығын арттыра түспек.

2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Алматыға 563 мың шетелдік турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға көп. Жыл соңына дейін қалаға келетін шетелдік қонақтар саны 750 мыңға жетеді деп күтіліп отыр.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның курорттық аймақтарына 3,8 млн адам барған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық. Олардың 16,5 пайызы – шетелдік туристер. Ал туризм саласына салынған негізгі капитал көлемі 10 айда 923 млрд теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 38,1 пайызға артқан.

Соңғы жаңалықтар